Панельді сессия қонақтары ретінде «Хабар» АҚ агенттігінің директоры Жайна Сламбек, журналист Асхат Садырбай, Сенат депутаты Дана Нұржігіт, ҚҚДИ басқарма төрағасының кеңесшісі Әлібек Қисыбай және т.б спикерлер қатысты. Ал модераторлық міндетті Молдияр Ергебеков жүргізді.
Журналистиканың өзекті мәселелері талқыланған конференцияда журналист этикасы, жаңа технологияның дамуымен бүгінгі күннің талабы, «дата журналистика» және журналистерге арналған заң жобасы талқыланды.
Мәселен, белгілі медиа менеджер, республикалық «Хабар» арнасының директоры Жайна Сламбек медиа саласының өзекті өзгерістері жайлы айтты.
«Дәуірге сәйкес журналистика өзгергенімен, әлі де басты талап - құндылықтың болуы. Бастысы «Мемлекет - адам үшін» қағидасы сақталуы керек. Журналистің құзыреттілігі - әрқашан адам болып қалу, адами құндылықтарды жоғары қою», деді ол.
Ал Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының кеңесшісі Әлібек Қисыбайдың айтуынша, дата журналистиканы дамыту керек. Бұл ретте цифрлармен, деректермен жұмыс істей алатын журналистер - қазіргі күннің талабы.
«Журналистің қызметі бұл ақпаратты ұсыну ғана емес қой, өңдеп өзегін беру. Ол үшін ақпараттармен жұмыс істей алуы керек. Дата журналистика саласы - әртүрлі мамандардың тоғысқан ортасы да болуы мүмкін: әлеуметтанушы ғалымдар, статистер тағы басқалары қатыса алады. Міне, қазіргі трансформация, бұл бір журналистика саласының шеңберінде емес, жан-жақты болып деректерді талдай алу», деді Әлібек Қисыбай.
Сессия соңында, сенатор Дана Нұржігіт журналистердің кәсіби этикасы жөнінде сөз қозғады, әсіресе Парламентке келетін кейбір сала мамандары талқыланатын заң жобасы туралы мүлде хабарсыз және дайындықсыз келіп жататынын айтты.
Сондай-ақ ол жақын арада Парламентте Журналистерге қатысты заң жобасы қабылданатынын атап өтті. Әріптестерін сол заң жобасын бірлесіп талқылауға шақырды.